Өлең, жыр, ақындар

Сүйек ауыр

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 732
Дүр етіп көтерілсе көлдің құсы,
Қанатын кері тебер желдің күші.
Алмасып аласұрған көк толқынның
Жартасқа маңдай соғар алдыңғысы.
Бұрқаса көкте дауыл алай­түлей,
Сығалап бұлт астынан қарайды үрей.
Жаратқан жайдың оғын жарқылдатса,
Түседі тәубасына талай дүлей.
Сімірген айдың нұрын, күн қызуын,
Жалғанның қияр дейсің кім қызығын?
Тілейді жатса­тұрса бір Алладан
Сөнбеуін жарқыраған жұлдызының.
Туған соң жер бетінде әркім жасар,
Арттағы алдыңғының орнын басар.
Бөлісіп қысқа өмірдің қуанышын,
Кәрі шал жас баламен қалжыңдасар.
Белгісіз кімнен кейін кім өлмегі,
Қайғы да – тіршіліктің бір ермегі.
Адымың жазылмаса амал бар ма,
Тұлпардың аяғындай шідердегі?
Алдыңнан атып тұрса жарқырап таң,
Арқаңнан салмақ түсер алты батпан.
Таңдайын тағдырыңның жібітер ме
Қара су кірпігіңнен тамшылатқан?
Шықпаса жел жағыңа жанашырың,
Үзіліп жерге түсер қарашығың.
Сыйлысың сипай кетсең маңдайынан
Мұңайған бір қазақтың баласының.
Болғанда ат көтерем, түйе жауыр,
Қолтықтан бір­біріңді сүйе, бауыр.
Орнынан ешкім қайта қозғалта алмас,
Түскен соң қара жерге сүйек ауыр...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дарақыға дауа болмас

  • 0
  • 0

Алматының ғимараты ығы­жығы, қым­қиғаш,
Көлеңкелі терезеге күннің көзі нұр құймас.
Мейрамхана бай­мырзасы, сырахана сұлтаны –
Қашан көрсең қалқып жүзген біздің қазақ ылғи мас.

Толық

Махаббат

  • 0
  • 0

Ойлап тұрсаң қабырғаңа батады-ақ,
Қыран жылап, қуанды сан жапалақ.
Бірақ көбін ұмыттырып жіберді
Тіршілікке деген іңкәр махаббат.

Толық

Ой, Алла!

  • 0
  • 0

Сенейін бе, сенбейін бе, ой, Алла?!
Сұмдық көрдім, түсімде емес, ояуда.
Мысық біткен жолбарысқа айналып,
Арыстан боп ақырады қоян да.

Толық

Қарап көріңіз