Жауап – Жұмекен Нәжімеденов

Бұл бетте «Жауап» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1357
Әлдекімге қарау ой боп қонатын
мені, мені ағартады қара түн.
Таң алдында ақ періште құсаймын
қыз-келіншек қырқып алған қанатын.
Пәк жыр жазып өткізбек ем бұл айды —
әлдекімге жазбағаным ұнайды.
Қара сөзді ұнатамын, сондықтан
көлеңкем де қара болып құлайды.
Ұқпайсың ба? Мақұл, достым, бара ғой,
менің тілім қанжар емес, ара ғой.
Бағаласаң — көлеңкеме қарама,
көлеңкенің бәрі бірдей — қара ғой.
Ой, пиғылым, тіршілігім — бәрі ізгі,
ізгіліксіз көп кісіден қара үздім.
Үһі десем ақтарылып аузымнан
аппақ-аппақ гүл түсетін тәрізді...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері