Нарзан қайнары – Сырбай Мәуленов

Бұл бетте «Нарзан қайнары» атты Сырбай Мәуленов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 2128
Аспанның ақ бұлтын ап,
Жер астына сүңгіген.
Бұлақ болып бұрқылдап,
Атқылаған үңгірден.
Табиғаттың таңғы шақ
Құйып алған ауасын.
Жақсы дәрігер жанға ұсап,
Тапқан жүрек дауасын.
Көрінгендей өзінен
Мөлдір ауа, бұлт көбік.
Елең-алаң кезінен
Ентелейді жұрт келіп.
Ширағандай бәрі де
Шипа судан бір ішіп.
Қуанғандай кәрі де
Жас боп қайта күлісіп.
Шаңға батқан қашанғы
Арам ойлы арзан жан.
Жұртқа пайда жасауды
Үйренсін сол Нарзаннан.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері