Өлең, жыр, ақындар

Алты карта

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 999
Балта түсті,
мәткең бар ма — соқ, қане!
Бір соғарға жарайтын күш жоқ па әлі?!
Қызды-ау ойын,
қызды, қызды, әй, қызды —
көзір алты ұрып алды жай тұзды.
Бітірмейді желке қасу, жөтел түк,
әне сегіз, қосқан екен — кет ертіп.
Біреу, міне, тұздары бар кісіге
жер тістетті жетілікпен көтертіп.
Тұз құлады тыраң асып табыстан,
король жатты бастан дәурен-бағы ұшқан.
Балта жүзі мұқап қалды,
даманың
тырнағы өткір екен барыстан —
бүрді-ау бәрін, бүрді кенет, әй, бүрді:
ондық күлді,
қарға тоғыз қайғырды.
Король біткен тақ-тажынан айрылды,
балталар да баққанынан айрылды.
Кеудең қаңырап бос қалады, жан ұлып,
теңселесің қарға-қанат жамылып.
Қызыл табан — тамып қалған қан сынды
балта мұрнын қанатқанда дама ұрып.
Жалт-жұлт етті көздер бейне жай тасы,
мықты екенсің, қызбай ойнап байқашы!
Махаббат деп мақтағаның бозбала-ау,
дамалар мен балталардың шайқасы.
Жеңу, жеңу бұл ойынның бар мәні,
әйтеуір бір жеңу — көптің арманы.
Мен де ойнап ем —
қолым жөнді шықпады,
сондықтан да қарсы жағым мықты әлі...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қоңыр түс

  • 0
  • 0

Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып,
көзін сулап, қалып еді қамығып.
Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп —
қоңырқай ой маза берер емес түк.

Толық

Москва сапары

  • 0
  • 0

...Кіріп келдім сонау өткен күнге мен,
Ат делбесін, сабын ағаш найзаның
Ұстады екен қай данышпан, қай залым?!
Салқындықты сезініп-ақ тұр денем.

Толық

Домбыра

  • 0
  • 1

Майысып қос шегіңнен күй өткенде,
Ой туар жүрек түгіл, сүйектен де.
Домбырам қайран менің, қайран менің,
Ризамын сені маған сый еткенге.

Толық