Өлең, жыр, ақындар

Қос қоңыр қаз

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1127
Көзің — мөлдір,
көл — мөлдір, мөлдір, мөлдір,
мөлдірлердің мөлдірі мен жүрген бір.
Не қарайсың мөлдіреп мына маған,
Кінәлаған кісіше, кінәлаған?
Кінәлама.
Қарай ма бірақ адам сұлулыққа өзіне ұнамаған?!
Қос қоңыр қаз...
Шын ерке өстер тегі,
қандай еркін, табиғат, қос тентегің!
Бұ да, бәлкім, сүйгеннің тірлігі де —
Су шаша ма, қайтеді бір-біріне?
Көзің — мөлдір,
көл — мөлдір, мөлдір, мөлдір,
Мөлдірліктің еркесі мен жүрген бір:
бір мөлдір — сен,
бір мөлдір — еркем, елім,
домбырам жоқ — мөлдір күй шертер едім,
Еркелеткім бар менің біреуіңді,
біреуіңе келгенде еркелегім.
Соңғы шапақ астында тастар жанып,
бейнесі тұр көлде, әне, астарланып.
Күн сәулесі алдында қызарғанға
гүл екен деп біз талай тас қармадық.
Қанатымен су шашып бір-біріне,
Қос қоңыр қаз қаңқылдап күлді міне:
бізге жетпей басылды майда толқын,
майда толқын, сен айтшы, қайда сол күн?!
Не қарайсың мөлдіреп мына маған,
Кінәлаған кісіше, кінәлаған?
Мендегі сол көңіл ғой сен деген құр,
Сен де мөлдір,
мөп-мөлдір, көл де мөлдір.
Қызыққанын үзіп жер ауыз емен,
қой, қой, пиғыл ойлама, жауыз өлең!
Қос қоңыр қаз жүр әне,
ең осалы
өкпелейді, онысы жарасады.
Жанап кетсе біреуі, екіншісі
қаусырынған қанатын сәл ашады...
О, мөп-мөлдір қос жанар дөңгелендің,
Сен де келдің бұ көлге,
мен де келдім.
Біз де көптен бір көлге қонбай жүр ек,
Құс емеспіз, көл іздеу болмайды деп.
Сен көрсеттің көзіңнің мөлдірлігін,
Мөлдірлігін жанымның мен де әйгілеп.
Тұрмыз енді қызықтап қос қазды анау,
Неге керек, сөз сұрау, бос қазбалау?!
Көзің — мөлдір, көл — мөлдір, мөлдір, мөлдір,
баяғы өз мөлдірің мен жүрген бір...
Қаз сүңгіді
Бірі, әне, болды ғайып,
екіншісі қанатын қалды жайып.
...Қайттық, қалқам қайтайық, табиғаттың
өзіне-өзін оңаша қалдырайық.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кәрілік

  • 0
  • 0

Күрсінді ата —
кәріліктің қайғысы
шығар дедім, күрсіне ме жай кісі?
— Жоқ, — деді ол,— ішті жалап барады

Толық

Кезектесіп бір қуаныш, бір қайғы...

  • 0
  • 0

Кезектесіп бір қуаныш, бір қайғы,
Бірі сипап, бірі жанды тырнайды.
Бірі жыртып, бірі жамап кеудемді.
Осы жасқа аман-есен келгем-ді...

Толық

Альбом жыры

  • 0
  • 0

Жанжалдың созады әйел қирағатын,
келтіріп Хақ есімін, иман атын.
Бұршақтап екі көзі бұлан-талан,
жан бар ма бірақ соған иланатын.

Толық

Қарап көріңіз