Өлең, жыр, ақындар

Жаңғыру

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 833
Кешегіден өзгеше жарығырақ бұл ақ таң,
Кешегіден өзгеше үн шығады бұлақтан.
Шуылдайды балапан жапырақтарға жан бітіп,
Бәйтерекке айналып тұр жағада құрақ-тал.
Кешегіден өзгеше тірлікте бар басқа ырғақ,
Басқа ырғақпен жатқандай су кемірген тас жырлап.
Сел сезім мен сиқырлы дүние сыймай көзіне
Күннен-күнге барады жүрек дертім асқындап.
Кездескеннің кеудеме беретіндей сөзі дем,
Қалай, қайтіп, япыр-ау, жалғыздыққа төзіп ем.
Әр нәрсеге мән беріп құштарлықпен қараймын,
Жаңа келген өмірге жас баланың көзімен.
Қателесіп кетуден қымсынып бір сақтанбай,
Асқар таудан асығып қанат қаққан ақ таңдай,
Ақ көңілмен алдыңда ақтарылғым келеді,
Бір кеудеге бір жүрек сыймай бара жатқандай.
Кешегіден өзгеше бұлбұл дүние тұр жырлап,
Жасыл бақтан жасырын жастық үміт, сырды ұрлап.
Қара бұлттың қойнынан келе жатыр күн шығып,
Күйге түсіп тұр менің жан-дүнием бір жұмбақ.
Түбірімен өзгерген бар түсінік, бар ұғым,
Дарытыпты бойыма асау уақыт арынын.
Тұратындай, қарашы, түнгі аспанды айшықтап,
Түсіріп бір жұлдыздар жұлдыздарға жарығын...
Кешегіден өзгеше арқаға ауыр алам жүк,
Ғашық болған сәттерім кеткен мені адам ғып.
Өрттей ыстық сезіммен сене алмайтын халдемін,
Осынау жарық өмірде бар дегенге жамандық.
Кешегіден өзгеше, өзге өмір, өзге гүл,
Өзге гүлге өртеніп құлайтындай тез көңіл.
Бар дүниені көзіме көрсеткен бір жаңғыртып,
Соғатұғын сезім бе ғашық болған кезде бұл?..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Суретші боламын

  • 0
  • 6

Суретші болам өскенде,
Саламын туған даламды.
Қызарып батқан кештерді,
Жұмыстан қайтқан анамды.

Толық

Жедел жәрдем

  • 0
  • 0

Жарық шашқан маңдайында алау бар,
Айқайлайды түн ұйқысын қашырып.
Жол беріңдер, жол беріңдер адамдар,
Жедел жәрдем келе жатыр асығып.

Толық

Ойға батып... батпадың тек, күнәға

  • 0
  • 0

Ойға батып... батпадың тек, күнәға,
Көк аспандай көңілде кек тұра ма?
Адамдағы мейірім жер бетінен –
Бірге көшіп өзіңмен кетті ме, аға?

Толық

Қарап көріңіз