Арманыма алдағы жол ашқандай – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Арманыма алдағы жол ашқандай» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 745
Арманыма алдағы жол ашқандай,
Талғамыңа таласым жоқ ешқандай.
Менің жыртық көңіліме жарық құйдың,
Жыртық бұлттан көрінген көк аспандай...
Жолға шыққым келмейді сені еске алмай,
Биік қандай, білесің, белес қандай.
Өзіңе ұқсап, басқалар ақылына
Таңдандыра алмайды мені ешқандай.
Жалған жүрек бір кезде суынар ма,
Жылынар ма мұң қосып мұңы барға.
От ойнайды ішімде шың басынан
Түскен сәуле сияқты шыңырауға...
Тұла бойым көктемде тұрады еріп,
Бара жатыр толқынын бұлақ өріп.
Менің жаным жерге ұқсас, түскен дәнің
Күні туса, жарыққа шығады өніп...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері