Жұлдыздай қара түнді жарып жансам – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Жұлдыздай қара түнді жарып жансам» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 822
Жұлдыздай қара түнді жарып жансам,
Ақылдың қуатымен қарулансам.
Тізеңе отырғызып сүйгеніңде,
Дертіне жүрегіңнің дару болсам.
Қалайша ғашық жырын мен жазбайын,
Жаныма жалын қосып кел, маздайын.
Тұрасың қабағыңмен қаймықтырып,
Қатулы қол бастаған сарбаздайын.
Жолдарым жолдарыңа түйіседі,
Секілді үндескен қос күй ішегі.
Сәулесін төгіп түнде бір-біріне,
Жұлдыздар соғыспайды, сүйіседі...
Қалсын бір сұлулыққа сусын қанып,
Қиялым көк қойнына кірсін барып.
Сәулесін құя түсіп маған қарай,
Жұлдызың ұзағырақ тұрсын жанып.
Қарасын аққу мойнын бұрып айым,
Айдың ақ сәулесіне жуынайын.
Байқаусыз бейуақытта түсіп кеткен
Көзіңнің шуағына жылынайын...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері