Жүрегім жүрек емес, жара менің – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Жүрегім жүрек емес, жара менің» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.11.2021
  • 0
  • 0
  • 1007
Жүрегім жүрек емес, жара менің,
Уланды, сол жарадан жан әлемім.
Білмеймін, не боп барам, осы кеше
Адамдық көзбен күнге қарап едім.
Мұңдасып, көкірегімнен күнді ашқандай,
Барады жанға жақын сырлас қалмай.
Жабығып жалғызсырап, құлазимын,
Жел ұрып, көңілімді құм басқандай.
Қайда сол, жалын сезім, алаулаған,
Оттарын үмітімнің жаға алмаған.
Жабығып жалғызсырап, құлазимын,
Жел ұрып көңілімді құм басқандай.
Қайда сол, жалғыз сезім, алаулаған,
Оттарын үмітімнің жаға алмаған.
Аспаннан түскендей боп, үйретеді,
Болуды қандай адам, балам маған.
Шыңдағы мұнар бүркеп, шынарымды,
Шынарға жеткізе алмай бір әнімді.
Күрсініп, білместігін кешіремін,
Білместен күлерімді, жыларымды...
Өзені өкініштің өзекте өлер,
Уақыт бәрін екшеп, тез өткерер.
Жастық пен бұл кәрілік от пен судай,
Басына адамзаттың кезек келер.
Жүректің таппай судан, оттан емін,
Өлермін, еске де алмас, жоқтап елім.
Өмірдің қилы-қилы жолдарында,
Үміттің ұмытылған соқпағы едім.
Арманы әртүрлі ғой, әр адамның,
Арнадан асып, келмес дараланғым.
Өмірдің асау, масаң толқындары,
Жағаға лақтырғандай, жараландым...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері