Қиялымнан тартқандай көкпар ағын – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Қиялымнан тартқандай көкпар ағын» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.11.2021
  • 0
  • 0
  • 590
Қиялымнан тартқандай көкпар ағын,
Ақтарамын, таулардың көк парағын.
Сағымданған дарияның құшағына,
Шомылғым кеп, үздігіп көп қарадым.
Кімді ойлаттың, тағдырым кімді аңсаттың,
Дәурені өткен, көбелек қуған шақтың.
Кірпігінен үзіліп Сара қыздың,
Жерге түскен мөлдіреп мұң, моншақпын.
Елестейді елес бала күннің,
Пенде болып мен неге жаратылдым?
Таусылғаны-ай, бойдағы тағатымның,
Жоқтығына қайғырып қанатымның.
Тіршіліктен тілеймін енді нені,
Көзің неткен сырлы еді, мөлдір еді?
Толқып тұр ем, басыңа көтеріп сен,
Күнге қарай ұшырғың келді мені.
Қабағымнан жанымды қарап, танып,
Қазынасын жатқандай тау ақтарып.
Ауылымнан шыққанда қанатсыз ем,
Бауырыңнан барамын қанаттанып.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері