Басқа жақтың болады бұлты мұңды – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Басқа жақтың болады бұлты мұңды» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 613
Басқа жақтың болады бұлты мұңды,
Керек етер серпіліп, сілкінуді.
Мен өзімді бақытты сезінемін,
Көргеніме тәуелсіз бұл күнімді.
Басқа жақта көрінер тас та мұңды,
Тасқа басып, жыр етем қас-қағымды.
Қолдар керек, көтеріп тұру үшін,
Шаңырақты... ашық көк аспанымды.
Қиын, құйын... не түрлі күн өткердім,
Жанға бақыт, жақсылық тілеп келдім.
Туған елім салтанат құруы үшін,
Оты керек біріккен жүректердің.
Күте алмаймын...
Бер, берме кезегімді,
Өртейтұғын ойлар бар өзегімді.
Сақтықпенен қысылып басқа жақта,
Өз үйімдей сезінем өз елімді.
Қайда жүрсем, өз елім болды ұраным,
Тамшысымен сезімнің көл құрадым.
Қазақ десем, шымырлап қан тамырым,
Шертіледі ішегіндей домбыраның...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері