Өлең, жыр, ақындар

Әнші аспан

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 501
Людмила Зыкинаға

Қанша уақыт дауысың аңсаттырған,
Қайтқан үйге анамдай, шаршап қырдан.
Егіз аспан кеудемде қоңырау қағып,
Секілді, өмір жайлы ән сап тұрған.
Бойымды жандырып та, қалтыратып,
Асқардан бір асқарға таң құлатып?
Бұлқынып, симай арман арнасына,
Жатқандай бір көк теңіз толқын атып...
Өмірдің сынамаған майдандары,
(Бұлбұлдың кейде ұқсас сайрар бәрі.)
Даусыңмен көз алдымнан көшіп жатыр,
Орыстың сырға толы ойлы орманы.
Үніңе ілесемін іштей балқып,
Туысқан арманды айтып, құштарды айтып.
Жаныңның жайылған үн аспанында.
Ұшқандай боламын бір құстай қалқып.
Түсіме ұйықтасам енеді осы үн,
Көңілдің жуып-шайып терезесін.
Таң болып тұла-бойға тарағандай,
Ән болып Людмила деген есім.
Жылытып аспанымның қас-қабағын,
Осылай өмір құрап басталады үн.
Сілкілеп қалғыған ой қабаттарын,
Жіберді асқақтатып асқан әнің.
Төгіліп нұрлы шуақ айналадан,
Секілді әлем – құшақ жайған анам.
Кеудеңнен сенің ашық аспан көрдім,
Ән болып дүниені аймалаған.
Үніңнен сезгендеймін уақыт демін,
Уақытпен жүрек таңым атып менің.
Осынша сұлулықтан құр қалмаған,
Күнім-ау! О, мен неткен бақытты едім!
Орыстың сен шырқасаң халық әнін,
Даусыңнан табиғатын танығамын.
Жүремін іштей сыңсып көпке дейін,
Қимайтын жолыққандай шағыма бір.
Табысқан көктемімдей кешегі аңсап,
(Тағдырын сұлулықтың шешеді әр сәт.)
Өз дауысың арқылы көз алдыма,
Орыстың ойлы орманы көшеді ән сап.
Жұлдыздай ойнап көзге қас-қағымы әр,
Әніңе досың түгіл қас табынар.
Тірлікті шомылдырар шуағына,
Кеуденің бұлтсыз ашық аспаны бар!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көк торғай

  • 0
  • 0

Ой салып бір жолаушыға жол жүрген,
Табиғаттың заңы болар көндірген.
Күзгі кеште көп жапырақтың ішінен
Ұшып-қонған көк торғайды көрдім мен..

Толық

Үйдегі гүл

  • 0
  • 0

Маңайына, құпия сырды жайып,
Мүсәпір хал, болады кімге лайық.
Қас-қабақты бағып бір үйдегі гүл,
Жетім сәби секілді тұр мұңайып.

Толық

Жүргем жоқ біреуден даңқ даулайын деп

  • 0
  • 0

Жүргем жоқ біреуден даңқ даулайын деп,
Жүрмін бір жүрекке жол жалғайын деп.
Жүгірсем көзді жұмып көкжиекке,
Соғылатын секілді маңдайып кеп.

Толық

Қарап көріңіз