Жел болып маңдайымнан неге еспедің – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Жел болып маңдайымнан неге еспедің» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 724
Жел болып маңдайымнан неге еспедің,
Неге еспедің, айналды елеске мұң.
Көздерім суретіңе жиек болып,
Ұзақ түн ұйқым келер емес менің.
Жанымды неге осынша мазаладың,
Тергедім, өзімді-өзім жазаладым.
Ұзақ түн ұйқым келер емес тегі,
Қалайша бұл азапқа төзе аламын.
Бұл көңіл тағы нені, нені іздейді?
Нені іздейді, еш сыбыс сезілмейді.
Тереземнен таң еніп келе жатыр,
Суретіңді көруге көзімдегі.
Суретіңді көруге қарашықтан,
Тереземнен енеді таласып таң.
Сенің бейнең өтеді елес беріп,
Кірпігімнен үзілген дара шықтан.
Күн шықты қағып күміс қанатын жай,
Кешігіп бір нәрседен қалатындай.
Сезінем – көзімді ілсем, ішіндегі
Жоғалтып өз бейнеңді алатындай!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері