Наурыз – Айтқали Нәріков‎

Бұл бетте «Наурыз» атты Айтқали Нәріков‎ жазған мерекеге арналған өлең берілген.

  • 28.11.2015
  • 0
  • 2
  • 12848
Ақыл-ойдың зерегінен жаралып,
Салт-дәстүрдің тереңінен нәр алып,
Наурыз келді! Наурыз келді, жарандар,
Бойға қанмен намыс болып таралып.
Кездер болды ел шаттығын бұқтырған...
Кездер болды жанарларға шық тұнған.
Сондадағы наурызкөже пісіріп,
Әр шаңырақ көңіл-күйін ұқтырған.
Қыс - кәрілік, көктем мына - жастығым,
Деп тұрғандай құшақты кең аш бүгін!
Наурызбенен бірге келіп қуаныш,
Қабағымнан қармен бірге қашты мұң.
Қатар келді жаңару мен жасару,
Төрлет, Наурыз, төңіректі жаса ду.
Қариялар бір серпіліп қалсыншы,
Табыссыншы бозбала мен жас ару.
Сыйлап бізге татулық пен тыныштық,
Наурыз келді! Жүрген жері ырыс-құт!
Бабалардың аманаты болған соң,
Наурыз менің жүрегіме тым ыстық!!!


Пікірлер (2)

Әбіләз

Өте керемет өлең екен

Жанар

Айтқали Нәріковтің «Наурыз» өлеңі — Ұлыстың Ұлы Күніне арналған әсем поэтикалық шығармалардың бірі. Ақын бұл өлеңде көктемнің келуі мен Наурыз мейрамының мән-мағынасын нәзік әрі көркем тілмен суреттейді.

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері