Төгіліп қыркүйектің нұры көктен – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Төгіліп қыркүйектің нұры көктен» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.01.2022
  • 0
  • 0
  • 622
Төгіліп қыркүйектің нұры көктен,
Ақ қайың мұңаяды сыры кеткен.
Үзілді жапырақтар, күз келді... деп
Айналып кете алмай жүр тірі көктем.
Сол көктем. Жүректегі тірі көктем,
Санадан шықпай қойды жыры көптен.
Жасыл түс жастығымен қоштасады
Көк орман бұйра басын бұрып еппен.
Мәңгілік елес болған бір күн демі,
Көктемді ұмытуым мүмкін бе еді?
Арнаға ағыс құйып бара жатыр
Ағылған жылғалардың жыр күндері.
Арнаға ағыс құйып бара жатыр,
Қыркүйек... ол да көктем, қара да тұр.
Кеудесін желге төсеп желбірейді
Дәу емен оқшау тұрған дара батыр.
Тағы да жауар жаңбыр, келесі қар,
Көшеде сол көктемнің елесі бар.
Ақ тұман арасында ұмыт қалған
Арманның ақ желкенді кемесі бар.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері