Тойымсыздық жайлаған қапыл уақыт – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Тойымсыздық жайлаған қапыл уақыт» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.01.2022
  • 0
  • 0
  • 659
Тойымсыздық жайлаған қапыл уақыт,
Құмға батып, қайырлап жатыр бақыт.
Көктем күні күлімдеп тұрады да,
Кенет бұршақ төгеді сатырлатып.
Қаққан кезде қақпалар ашылмаған,
Тұтқиылдан сарғаяр жасыл ғалам.
«Ит орнына шошқа үріп», заман ауып,
Ардақтысын іздейді асыл далам.
Бірақ оны таппайды, аһ ұрады,
Желге ұшады мезгілдің жапырағы.
Шиыр-шиыр таңба бар жартастарда,
Шұңғыл түсті жар басы шақырады.
Қайран уақыт, сенде бір өкініш бар,
Кімді таптың, қайтадан бетіңе ұстар?
Бостандығын бозторғай қадірлемей,
Тор ішінде сайрайды тотықұстар.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері