Сулар ағып барады ағымдағы – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Сулар ағып барады ағымдағы» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.01.2022
  • 0
  • 0
  • 731
Сулар ағып барады ағымдағы,
Сулар ақса, өмірді сағынғаны.
Жөңкіледі ақша бұлт жол іздеген,
Жолын бөгеп тентек жел қағынғаны.
Желектері талдардың желпінеді,
Бүршіктері бұтақтың елтігелі.
Ерейментау басынан ұлар ұшты,
Еліктіріп елесі көлкімелі.
Жылымық күн жалауы желбіреген,
Айдынкөлім шарасы мөлдіреген.
Жарқыраған үңіліп жанарыма,
Жаңалықтың белгісін көрді менен.
Биік таудың төскейі тебіренді,
Жер ананың жүрегі еміренді.
Шабыт келді шалқыған Шардараға,
Көктем күнін тұрғанда көріп енді.
Шабыт келді құйылып Шардараға,
Киік біткен жосыды сары далада.
Арғымақтың жүгені сыпырылды,
Тарау жолдар жүйткіді тармақ ала.
Бір береке келеді отбасына,
Төлдің басы симады ноқтасына.
Бұталары майысып жерге құлап,
Бөденелер қонғанда шөп басына.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері