Қара түннің қойнауында қалғыған – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Қара түннің қойнауында қалғыған» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.01.2022
  • 0
  • 0
  • 697
Қара түннің қойнауында қалғыған,
Мен отырмын таңға тіреп басымды.
Жұлдыздар-ай, сен не дейсің ал бұған,
Бұрымдарым ақ төсекте шашылды.
Мен жұтамын қыстың ғажап сәулесін,
Болмай қалды жұтпасыма, жоқ шара.
Шақырады сырғанауға тау несін,
Босағаға сүйенгенде көк шана.
Жер жақсы ғой адамымен, тірлікпен,
Мен соларды сүйіп қалдым, ал, енді.
Ғұмыр кешкен татулықпен, бірлікпен
Жыпырлаған жұлдыз арман, қал, енді.
Шана, шана, сені көрем жатып ап,
Бала күннен қалған сұлу естелік.
Артынан бір жүрмейікші қапы қап,
Сырғанақтар мекеніне кеш келіп.
Достарым да, жауларым да көбейді,
Қараңғы түн, қолтығымнан демеші.
Алдағы күн, келесі апта не дейді,
Сау бола тұр, кездескенше келесі.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері