Күннің көзі тұрғанда жадырамай – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Күннің көзі тұрғанда жадырамай» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1130
Күннің көзі тұрғанда жадырамай,
Көңілденіп жүрмекші бәрі қалай?
Күз келді деп күрсініп тұрып-тұрып,
Өмір – өзен ағады әрі қарай.
Өмір – өзен ағады, тоқтамайды,
Қозғалысты, өйткені, көп қалайды.
Ұясына батқан күн күреңітіп,
Жоқтап тұрған секілді өткен айды.
Өткен қайта оралмас өкінгенмен,
Белдер қайта гүлдемес бекінгенмен.
Дауылдардың дабысы даңқ асырып,
Желдің аты жетеді жетім деммен.
Күннің көзін іздеген көбелек ем,
Жаңбыр нені айтады себелеген?
Жапыраққа жүректен сүгірет сап,
Жаз айналып барады төбеменен.
Қанаттарын құлаштап қалғанда бұлт.
Көлеңкелер көлбейді қалбаң қағып,
Желмен ұшып жетпейді маған неге
Үмітімнің үкісі алдан нағып?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері