Кеттім құлап жылжып аққан ағысқа – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Кеттім құлап жылжып аққан ағысқа» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.01.2022
  • 0
  • 0
  • 903
Кеттім құлап жылжып аққан ағысқа,
Күнім, маған жанарыңды бағышта.
Қатар ақты мың сан тұлпар көсіліп,
Бір міні жоқ шабыста.
Қатар ақты мың сан тұлпар көсіліп,
Моншақ жанар көкжиекке тесіліп.
Қалып қойған төбелерге қарадым,
Бір арманым жететіндей кешігіп.
Қап-қара түн, қалғып қалған қара мұң,
Көздеріне оның тура қарадым.
Саған бүгін созсам қолым жетер ме,
Маң далаға маңып кеткен маралым.
Баурайында отау тігіп Шыңғыстың,
Мен тағы да жалғыз қалып, мұң құштым.
Жанарымды алдарқатып барады
Үміт оты секілденіп түнгі ұшқын.
О, түнгі ұшқын, шуағыңды себеле,
Сені сосын көтеремін төбеме.
Аждаһадай алға ұмтылып барамын,
Айырбас тау, ағысымды бөгеме.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері