Естілерді жеңіп кетіп ептілік – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Естілерді жеңіп кетіп ептілік» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.01.2022
  • 0
  • 0
  • 790
Естілерді жеңіп кетіп ептілік,
Тексіздікпен тіреседі тектілік.
Жаңбырдан соң көкжиекте керіліп,
Кемпірқосақ бояуымен кепті үміт.
Ақ пен қара кезектесіп ғаламда,
Той өтеді соғыс болған алаңда.
Жақсылықты жапсырады жамандық,
У қосылған тәтті-тәтті тағамда.
Әлем күн боп көрінетін бір маған,
Неткен күрес, неткен қиын шырғалаң.
Бақытсыздық жылап жатыр бір үйде,
Есіктерін ақ бояумен сырлаған.
Бақыт бар ма жүрегіңнің түбінде,
Бақыт іздеу сәнге айналды бүгінде.
Қауырсындай қауқар барын сұраймын
Мезгіліңнің арқалатқан жүгінде.
Сағат тілі сыртылдайды тынбастан,
Жарқыраудан жалықпайды түнгі аспан.
Алтын сарай оянатын секілді
Кешегі бір дәуірлерден құм басқан.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері