Қызыл қайың
– Тосып жүрем сағынып, қызым, дәйім,
Келсең әр кез саған дәм-тұзым дайын,–
Деп сен жақтан
Жеткендей талып бір үн,
Мені өзіңе тартасың, «Қызыл қайың».
Әкеткенмен ағызып өмір – ағын,
Мен де өзіңді есіме ап сағынамын!
Келіп едім оралып,
Шықты алдымнан
Баяғыдай жаудырап тағы да құм...
Жаралғандай о баста іштен егіз,
Бойымдағы әл-қуат, күшке негіз
Өзің ең ғой...
Бір кезгі жалаң аяқ
Есіңде ме, құм кешкен кішкене қыз?
Сексеуілді,
Жыңғылды
Жота құмдар,
Ой тереңін мендегі қопарыңдар!
Қопарыңдар, жырымнан от алыңдар,
Балалық шаққа қайта апарыңдар!
Ол кездері басқа еді-ау,
Басқа бәрі...
Құмнан есіп тірліктің асқақ әні,
Бауырында дөңгелеп шағын ауыл,
Бақша салып жататын жас та, кәрі...
Мейірлене қабағын таң ашатын,
Таң нұрымен төгіліп тамаша күн,
Ақ әжелер қақ тіліп, төстік жасап,
Тентектері «тәттіге» таласатын.
Көлеңке – ойдан дегендей арылыңдар,
Құюшы еді алтын Күн жарығын бар.
Шағылысып сәулеге түйір-түйір,
Көз қаритын сары алтын – сары құмдар.
Осылайша күн ысып, қайнайтын түз,
Бала біткен ойынға тоймай күндіз.
Кеш қарая
Қайтадан шұбырып кеп,
Құм төбеде асыр сап ойнайтынбыз.
Соның қазір жоқ бірі!
Тыныш маңай...
Құмда өрмелеп барады құмырсқа жай.
Естелік боп көшесің көз алдымнан
Бір кездегі ауылым ырысқа бай...
Қалайша енді толқымай жай табармын,
Сағыныштың сарқылмас айтам әнін!
Балалығым өткен жер,
Бұрынғыдай
Дәуреніңді қайтіп мен қайтарамын?
Қиындықтың төзуші ең қандайына,
Аптап құмның «сыймапсың маңдайына».
Шөл қандырам деп саған келгенімде,
Кермек болып татыдың таңдайыма.
Табу керек қайткенде бір амалын,
Құмға естіртіп қайтадан бұлақ әнін,
Толқындары жүгірсін жамырасып,
Тас емшегі иіген Сыр – Ананың.
Неге біздер беземіз шөл даладан?
Шөл далаға жан беріп қолдан адам,
Қажет етсе,
Кәдімгі сиқыршыдай
Орната алар әп-сәтте орман оған.
Жансыз дала тіріліп жанданар-ау,
Жанданар-ау,
Сірә да, бар ма оған дау?!
Қоныс теуіп сол кезде
Ауыл қайта,
Атар еді жарқырап таңдары алау.
Жастар сауық құрар-ау іңір ене,
Құрбым менің жаныма үңіле ме?!
Көз ұшында көлденең көк аттының
Кішкене қыз алдынан жүгіре ме?!
Әрін ашып жал құмның тұнжыраған,
Су жүгірсе қойнына сыңғыраған,
Айналмас па,
Шұрайлы құт-мекенге,
Өрісі өсіп, малы өріп мыңғыраған.
Сен дегенде қалай мен қызынбайын,
Сені жырға қосуға қызың дайын.
Ізгі ойларым осынау іске ассын деп,
Үміт артам ертеңге, «Қызыл қайың».
Толғандырар мені әркез болашағың,
Туады ертең басыңа жаңаша күн.
Жақсылықтың бәрі кеп орнайды деп
Алдын-ала мен саған бал ашамын.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі