Қаралы қоңыраулар
Белоруссияда Хатынь деген деревня бар. Ондағы 26 үйдің тұрғындарын фашист жендеттері 1943 жылдың 22 наурызында тірілей
отқа өртеген. Содан бері мұнда тіршілік жоқ. Тек әр үйдің мұржасына ілінген қоңыраулар ғана кезек-кезек үн шығарып, үй иелерін жоқтайды. Хатынь Белоруссиядағы өрт құрбандығына айналған 296 деревняға қойылған қаралы ескерткіш. Хатынь – халық қарғысы, фашизм таңбасы.
Бұл арада қайғы-зар, аңырау бар,
Көкірегіңді күйдіре жалын аунар.
Түтіні өшкен
Әр үйдің мұржасында
Жоқтау айтып жылайды қоңыраулар,
Қаралы қоңыраулар!
Жаралы қоңыраулар!
Еске салып
Қан майдан қырғындарын,
Күңіренумен өткізіп күннің бәрін,
Тұрады олар
Осылай аза тұтып,
26 үйдің күл болған тұрғындарын.
Бұл арада
Қалдырып шат әнді ұмыт,
Орын тепкен бұлжымас қатаң ғұрып:
Енді мұнда
Ешқашан өмір гүлдеп,
Үйленбейді ешкім де отау құрып.
Қасіреттің қап-қара бұлтыменен
Бұл арада мәңгілік түн түнеген.
Тойланбайды
Туған күн, шілдехана,
Жат бұл жерге
Қуаныш, күлкі деген.
Шүкірлік қып от басы, тірлігіне,
Отанының ынтымақ, бірлігіне.
Бұрынғыша әңгіме-дүкен құрып,
Қыдырмайды көршілер бір-біріне.
Бұрын-соңды көрген бе
Жер ондайды?
Деревняға орнаған ерен қайғы...
Енді ешқашан
Ешкім де егін салып,
Еңбегінің жемісін көре алмайды.
Жоқ бұл жерде
Өзгеріс, жаңалықтар,
(Фашизмді ар-ұждан заңы айыптар)
Енді ешқашан
Бұл жерде орнамайды
Адам қолы жасайтын ғажайыптар.
Қалды арманның қанаты отқа күйіп,
Бұдан асқан
Сұмдық та, жоқ та күйік.
Деревняның өртеген кәрі-жасын
Бір-ақ күнде
Жендеттер топтап үйіп.
Осылайша өрт-жалын жұтып ішке,
26 үйдің ошағы, түтіні өшкен...
Орнын басып
Қара тас, бронзалар,
Хатынь жатыр
Басынан құты көшкен.
Бұл араның
Атпайды таңы күле,
Тірліктің де
Үзілген сазы міне...
Бар тілеуі бейбіт күн емес пе еді,
Құдайым-ай, олардың жазығы не?!
Жазығы сол
Болғаны көктем елі,
Өз жерінде өркендеп көктегені.
Жазығы сол
Алдында фашизмнің
Құлдық ұрып,
Сатқын боп кетпегені.
Жазығы сол
Үміті сөнбеп еді,
Жеңеріне әділдік сенген еді.
Жазығы сол
Отаншыл азамат боп,
Жетегіне жат ойдың ермегені...
Зарлы үніне құлақ сап,
Көңіл аудар,
Қарғыс айтып соғысқа өмір аулар,
Әрбір үйдің сорайған мұржасында
Күңіреніп тұрады қоңыраулар,
Қаралы қоңыраулар!
Жаралы қоңыраулар!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі