Гитараға тілек – Қатира Жәленова

Бұл бетте «Гитараға тілек» атты Қатира Жәленова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 17.01.2022
  • 0
  • 0
  • 843
Бұлбұл құсым жырақтап,
Кетті менен, гитара...
Қалса өзімде тұрақтап,
Деп тілеп ем, гитара...
Мұң-шерімді қозғадың,
Сезінгендей, гитара...
Сырлы толқын саздарың,
Төзім бермей, гитара...
Жә, жетеді!
Жанды өртеп
Күңіренбе, гитара!
Ойнақы, әсем әндер төк,
Дүйім елге, гитара!
Жез сымдарың сыңғырап
Ән құраса, гитара!
Ағытылар жыр-бұлақ,
Мәңгі жаса, гитара!
Түсінбеген мүлде ешкім,
Тағдыр едім, гитара!
Сазды үніңмен үндессін,
Жан-жүрегім, гитара!
От сезім боп лапылдап,
Табыс-тағы, гитара!
Арманыма жақындат,
Алыстағы, гитара!
Махаббатты мендегі
Шын ұқтыр да, гитара!
Сүйгеніме сен мені
Ұмыттырма, гитара!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері