Өлең, жыр, ақындар

Толғау

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 2148
Маңғыстау – менің мұңды үнім,
мұңды үнімменен нұрлымын.
Жақсыларымды жалмаған
өмір дегенің – бір жылым.
Ақындар өткен бұлбұл үн,
батырлар өткен
нұр күнін
құрбанға шалған ел үшін,
құлдықтың қырқып шынжырын.
Тауқыметі таудай тірліктің
тылсымдарына жылжыдың.
Әулиесі жердің астында,
үстінде жүрген кім бүгін?
Тірілерге тірек болар-ды-ау
бір Абыл менен бір Нұрым!
Аспанда ғой деп, Күн, Айды,
жердегі асылын шырайлы
көрмей,
кәусар деп лайды,
елемей құдірет құмайды,
заманды билеген көп қарға
(көп қарғаларға сот бар ма?)
сауысқандарға құлайды.
Өмір заңы біреу – алдымен
сұңғылаларын сынайды.
Ықпай өтсе де көзге ілмей
құдайсыз ығай-сығайды,
Нұрымдар да содан мұңайды.
Қасиеттім менің – Маңғыстау,
қасіреттім менің – Маңғыстау,
көнбісті менің көнбесім.
Тірі пендеге төр де – сын,
жаманға тиген шен де сын:
қанжар мұқалар егеусіз –
егеусіз болса ерге сын:
ерлері қалса жебеусіз,
жебей алмаған елге сын.
Не сыр бар сенде – адамың
тірісінде жүріп елеусіз,
әулиеге айналған өлгесін?
«Думанды көрсе жұлқынған,
салдырмай қамшы ұмтылған»,
талқысынан мұндар талайдың
«толықсып жүрген адайдың»
намысы талай жыртылған.
Көкірегінде жыр тұнған,
топырағында сыр тұнған
Маңғыстауда жатқан ұлы елдің
Нұрымдары болған бір туған.
Қамаулардан қарғып өлеңі
сәйгүлік аттай бұлқынған
Нұрымның жолын кім қуған?
«Қырмызы қызыл мынау заманда»
көңілім жыртық, жағам да –
жыртығымды немен жамаймын,
ортайған жерім толар ма?
Алтынды байрағы Шабайдың –
ұл бар ма қолға аларға?
Намыстың сойылын соғарға,
қазаққа тұлға боларға?!
1988



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кешір мені...

  • 0
  • 0

Өзіңсіз жүре алмайды екенмін-ау,
көңілден кез болар ма кетер қырау…
Алдыңда кінәлымын, кінәлымын,
не керек өкінішпен бекер жылау.

Толық

Ән құдіреті

  • 1
  • 1

Жаның бір күміс үнге тамсанғанда,
балбырап бөленесің қанша арманға!
Бар дүние бұлбұл болып сайрайтындай
Нұрғали ән салғанда!

Толық

Түрмеге хат

  • 0
  • 0

Салғандай тыпырлатып жанды мұзға,
шырылдап күн кешсем де қарлы құзда,
жүргенде Сіз биікте, білесіз ғой,
бармап ем «ағатайлап» алдыңызға.

Толық