Жаман үйдің қонағы – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Жаман үйдің қонағы» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1427
Жолаушыны қарсы алып,
күтіп-бақтық қонақтай.
Үй тазалап шаршадық,
шыбын-шіркей жолатпай.
Мен бұрышқа қамалдым,
күтемін деп әлгіні.
Езуінен баламның
жырып бердім дәмдіні.
Төрді соған арнадық,
тыныш бөлме – жатқаны.
Балаларым сандалып,
жатар орын таппады.
Кетсе еді ғой аз қонып,
жатып алмай бір апта.
Мен отырмын мәз болып,
екі езуім құлақта.
Қоңданайын деді ме –
көтеріліп шоқтығы,
қапелімде еліне
кететұғын жоқ түрі.
Үйіндей-ақ балдыздың
билеп-төстеп барады.
Қожамыздай дәл біздің
жұмсап келін-баланы.
Немереме зекіріп,
берекені кетірді.
Үйімізге жеті жұт
қоса келген секілді.
Атамызға қадірлі
"Әй" дейтіні басталды.
Мұжығындай кәдімгі
бәрімізді жасқады.
Енді қайттік? Ол әлі
көз алартар қосыма.
"Жаман үйдің қонағы
билер" деген осы да!
Құрметтеген салтым не
кез-келгенді төре деп.
Жарбаң қағып әркімге…
өзіме де со керек!
1988


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері