Қайғы – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Қайғы» атты Фариза Оңғарсынова жазған мұң туралы өлең берілген.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1007
Біле алмай қайдан шығар күн
қара жүр – арақ ішкені.
Ат мінген саясатшылардың
аударыспақ ойнау – істері.
Дананың күйі - таныс жай,
кім іздер батса жылымға,
тұтқынға түскен барыстай
тышқандар патшалығында.
Ел басқарады есерің,
қазанның басы – баққаны.
Тілсіз қалғаны шешенің
жанына ешкімнің батпады.
Талтаңдап жаттар жеріңде
сорады сәніңді ақырын.
Жан қалмай барады сенуге –
жатыңнан жаман жақының.
Баяғыдай тұрар қасқайып
қарияда қауқар жоқ бүгін.
Жалтақтап серттен жас тайып,
ойлайды қарынның тоқтығын.
Тамыры қылдай жұқарып,
үйлесім кеткен жерінен,
бастары айналған мұқалып
жандарды көріп, егілем.
1991


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері