Буырқанып жақпарлы жарды басып – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Буырқанып жақпарлы жарды басып» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1023
Буырқанып жақпарлы жарды басып,
талқан қылып тастарды
қарғып, асып
тентек өзен барады
таулардағы
тыныштықпен тартысып салғыласып.
Бауырында жатқандай қырсық бұғып,
шырқ үйіріп тастарды ұршық қылып.
Жазық жаққа тартады,
мұзарт таулар
тарылтқандай тынысын тұншықтырып.
Сақылдайды, күледі басып өктем,
бірде жылап, сүртеді жасын еппен.
Арыны асқақ болғанмен, әр қадамы
келетіндей соншалық қасіретпен.
Жолындағы шың-құзға жасқап ұрған
соғылады, зулайды оқша жылдам.
Шатынайды шыныдай, тағы асады,
тасқыны өрши түседі тосқауылдан.
Тастап құзды жібермес жолын қысып,
жоталардың бойында өрілді шық.
Мәңгілікпен толқындар ұласады
мәңгіліктей даланың жонын құшып.
1979


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері