Шахмат заңы
Әлемдік шахмат королі Анатолий Карповқа
Таралған ойын бар елге,
Шахмат атты әлемде.
Ферзіден бастап Пешкілер
Қызмет етер Корольге.
Шахматтың тілінде,
Қалыс қалмай бірің де.
Қызмет етер Корольге,
Ладья,
Ат та,
Пілің де!
Құрбан ғып кейде құлатқан,
Өткізер бәрін сынақтан.
Барлық билік болғанмен,
Корольдің жолы бір аттам.
Қорға деп Король жерімді,
Қорға деп Король елімді.
Билігін берген бір ғана,
Ферзіге артып сенімді.
Аралап өлке аумағын,
Елінің шешіп дауларын.
Билігі шексіз ферзі бұл,
Корольдің құртар жауларын.
Ферзінің сұлу көркі бар,
Корольге берген серті бар.
Офицер кейде жүрісі,
Ладьяға лайық еркі бар.
Бірінің сөзін асырмай,
Сырларын айтар жасырмай.
Қиянды көздер Ферзі бұл,
Қорольдің ойлы басындай.
Тұрса да сыры сезілмей,
Қызмет етер көз ілмей.
Екі бірдей офицер,
Корольдің екі көзіндей.
Қорольді қарсы ап жиі алдан,
Офицер талай сый алған.
Қиыстап жүріп жауына,
Қиғылық салар қияннан.
Жаралған дене құрыштан,
Майдан сап жауға ұрысқан.
Найзағай отты офицер,
Талайын жыққан бұрыштан.
Қиялап соғып қатырар,
Жауларын суға батырар.
Арғымақ десең арғымақ,
Корольдің екі аты бар.
Қалмасаң егер айырылып,
Ат басын ұстар сәйгүлік.
Корольдің қас жауына,
Сілтейді қылыш қайырылып.
Шаба ма, яки жорта ма?
Сәйгүлік жүйрік қорқа ма?
Жауының орап ішінен,
Кіреді сабаз ортаға!
Жау күшін барлап бағалап,
Жол жүрер түзу аралап.
Корольде екі Ладья,
Қуатты, күші ғаламат!
Шабуылдап шығар уралап.
«Ладья» ардан туған ат,
Корольден шеттеу болса да,
Дұшпанын соғар туралап.
Қызмет етер қорынбай,
Екі етпей бәрін орындай.
Корольдің сегіз пешкісі,
Самсаған қалың қолындай.
Сабырлы пешке қалпы да,
Бас иген Король салтына.
Соғыста — жаяу әскері,
Айналған бейбіт халқына.
Өзінің тірлік күні үшін,
Жайлап бастап жүрісін.
Бір аттап, кейде екі аттап,
Бастайды майдап ұрысын.
Болмаса ісі естінің,
Ферзі де,
Король, ешкімің:
Алдына қарсы тұра алмас,
Қарапайым Пешкінін.
Шыға келсе ол үндеп,
Пешкіңе артар сенім көп.
Өзін де құрбан етеді,
Корольден гөрі елім деп.
Кез болса баққа, талапқа,
Саптағы кіріп санатқа.
Бағы жанған Пешкілер,
Ферзі болар заматта!
Қөрсетіп ерлік еліне,
Пешкі дұшпан төрін.
Ордасын бұзып кірсе егер,
Көтерер Король көгіне.
Кім боламын десе де,
Күн боламын десе де.
Король бәрін сыйлайды,
Піл боламын десе де!
Жатса да пешкі таң қылып,
Ферзі боп қайта жаңғырып.
Король үшін тола алмас,
Пешканың орны мәңгілік!
Таралған ойын бар елге,
Шахмат атты әлемде.
Ферзіден бастап Пешкілер
Қызмет етер Корольге.
Ойын заңын біле біл,
Ойланып барып жүре біл.
Шахматтың ойынынан,
Күрделі бірақ ұлы Өмір!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі