Өлең, жыр, ақындар

Биялай

  • 18.05.2022
  • 0
  • 0
  • 460
(Шиллерден)

Төрелер тобы жабыла
Көрініс күтті, үн тынды
Дәл ортада, тағында,
Маңызсып король отырды.
Балконда биік айнала,
Сұлулар отыр сыңқылдап.
Ым қақты патша жай ғана,
Ашылды есік шиқылдап.
Шықты міне теңселіп,
Арыстаны даланың.
Кеткендей көпті еңсеріп,
Шолды кенет жан-жағын,
Жата қалды есінеп,
Сілкіп қап сары ол жалын.
Патша қолын сілкіді,
Жолбарыс жыртқыш қырылдап,
Күдірейіп секірді,
Қаһарын шашып ырылдап.
Арыстанды көре қап,
Ышқынды бір гүрілдеп,
Құйрығымен жер сабап,
Төңіректеп жүрді кеп.
(сонан соң)
Қанды көзі қадалды,
Қожа алдына құл келіп,
Шашса да ашу, ызғарды,
Жатты амалсыз түнеріп.
Арасына қос жаудың
Бір биялай биіктен
Сұлу қолдан түсті кеп!
Ойнақы тағдыр бұ неткен!
Тұтқиылда бұрылды да серіге
Кунигунда арбай күліп тіл қатты:
"Мен құмармын жүрек сынап көруге.
Әрқашан да өзің айтқан сияқты,
Махаббатың болса күшті, лаулаған,
Биялайды өзің әкеп бер маған!"
Сері дереу жүгіріп кеп сол шақта,
Қайсарлықпен дәл ортаға өтеді:
Қос жыртқыштың арасында қолғапқа
Қарады да, жерден батыл көтерді.
Көрушілер үрейі ұшып үндемей,
Жас жігітке көз алмастан қарайды.
Биялайды әкелді ол, мінекей,
Жан-жағынан мақтау сөздер борайды.
Мейірім толы отты көздің жанары, —
Алыс емес бақытының кепілі,
Махаббатты қыз құшағы жаңағы,
Жас батырды қарсы ап құрмет етулі.
Жанып бірақ өкініштің өртіне,
Биялайды ол лақтырды қыз бетіне:
"Қажет емес алғысыңыз мен үшін!" —
Деп паң қызды тастап жігіт кетті іле.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Андрей Шеньеден

  • 0
  • 0

Мен майданда мерт болармын мәңгілік,
Иә болмаса ел кезермін қаңғырып.
Мүмкін тіпті сұм өсектен түңіліп,
Жұрт алдында жаудан тауым жығылып,

Толық

Нұр боп көшіп ақша бұлттар аспанда

  • 0
  • 0

Нұр боп көшіп ақша бұлттар аспанда,
Қыр сауырын күз күніне тосқанда,
Төмендегі тас арналы дария ұқсайды
бір тасып аққан жас қанға.

Толық

28 қыркүйек

  • 0
  • 0

Неше мәрте толғандырды осымен
Көзің нұрдан жаралған.
Сенің үнің салды менің есіме
Қымбат жанды жер алған.

Толық

Қарап көріңіз