Кешкі бұлттар – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Кешкі бұлттар» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 1386
Нарттанып,
маздап,
толықсып,
шашбауын жинап жарықтың,
құлағанда талықсып
көкжиекке алып күн,
бiр алапат басталды, —
түйдек те түйдек төңкерiп,
шабындығында аспанның
шөмеле бұлттар өртенiп!
Аласат құяр ұққанға
не деген сұмдық?
Таңым бар.
Аспанға қашып шыққан ба
жердегi барлық жалындар?!
Көшедi жөңкiп, жел келiп
үрлеген сайын лапылдап,
көк төсiн түгел көмкерiп,
арқасы қозған ақындай
төгем деп жаңбыр-өлеңдi
түтiнсiз жанып булыққан,
Алатау жаққа келедi
өртенген Кешкi Бұлттар.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері