Адам күнi адаммен – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Адам күнi адаммен» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 1662
Адам күнi адаммен.
Онсыз өлем,
онсыз қурап қалам мен.
бәрiн алам адамдардан,
бәрiн де, –
қуанышын,
қайғысын да алам мен.
Бәрiн жиям жүрегiм мен көңiлге –
намысын да,
кешiрiмiн,
кегiн де...
Қалдырмаймын ештеңе де олардан
бәрiн жиям,
бәрiн де!
Жеңiс сонда –
болса егер күш кiмде,
келдiң, мiне,
қолға ендi түстiң деп
адамдардың өтiрiгi, шындығы
айқасады жүрегiмнiң үстiнде!
Тұрам мен де адамдардай өзгерiп,
отын алам –
ұшқын шашса көздерi.
Келе жатам көтере алмай кей кезде
зiл батпандай ауыр-ауыр сөздерiн.
Көтеремiн,
көмектес деп жалынбан,
жалынуға жiбермейдi арым да.
Дегенменен ауырлықтан соншама
морт сынардай қайысады қабырғам.
Жүрегiмде жатыр жүк боп салмағы –
адамдардың ой-тiлегi,
арманы...
Ауыр состав өткен темiр жолдардай
қайысады
өлеңнiң де
жолдары!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері