Жалғыз бала – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Жалғыз бала» атты Темірхан Медетбек жазған бала туралы өлең берілген.

  • 07.06.2022
  • 1
  • 0
  • 1199
Дүниенi шабыт қып
түргiзетiн iргеңдi,
жас отауды жарық қып
балпанақтай ұл келдi.
Өз-өзiнен қалтырап
жайлап жанын сараңдық,
әке-шеше сол күнi-ақ
бiттi – дедi осымен,
осыменен доғардық!
Бұл сөз жүрек жаралап
өзекке у боп құйылар –
бас тартты олар,
ғаламат
табиғаттың сыйынан.
Кiм айтады оларға
дұрыс емес мұның деп.
...Тұр бұтақта бiр алма
үзiлердей дiрiлдеп.
Ойланарсың ерiксiз
мың суынып, мың қызып, –
кең айдында серiксiз
жалғыз шабақ жүр жүзiп.
Осыны мен көрсем де
жүрген болмай жүргенiм,
күлген болмай күлгенiм
жабырқау ой кешемiн:
бiле алмадым, бiлмедiм
сол бiр әке-шешенiң
бауыр етi темiр ме! –
сол баланы күн емген
қатал мынау өмiрге,
қарындассыз, iнiсiз
жалғыз өзiн жiберген!
Мұндай ата-анаға
сөз таба алмай қиналам, –
көре-тұра балаға
жалғыздықты сыйлаған!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері