Дүниеге өлең келер кезiнде – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Дүниеге өлең келер кезiнде» атты Темірхан Медетбек жазған поэзия туралы өлең берілген.

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 549
Дүниеге өлең келер кезiнде
құбылыстар шарпысады сезiмде;
дүниеге өлең келер кезiнде
шық тұрады алау күннiң көзiнде;
гүлге тұнып шөл даланың өңiрi
сазға айналар тiршiлiктiң әр үнi;
аспанымнан жерге түсiп тәңiрi,
дертiп тұрар бұлттардың желiнi;
опасыздық отқа бетi шарпылып,
кетер арсыз келмес жаққа артынып:
шағалалар дауылсыз-ақ шарқ ұрып,
жас нәресте Күнге ұмтылар талпынып.
Есiтiлiп жер астының сарыны
кетедi ғой дүниенiң сабыры;
қуаттанып шөптiң әлсiз тамыры,
сарқырап бiр ағар өмiр ағыны.
Дүниеге өлең келер кезiнде
құбылыстар шарпысады сезiмде.
Дүниеге өлең келер кезiнде
жасын ойнар қасiреттiң көзiнде!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері