Ордабасы

Бұл бетте «Ордабасы» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 08.06.2022
  • 0
  • 0
  • 1763
Ордабасы
Тарих, Орда,
Бас Орда!
Бар тiршiлiк қалар сенiң тасаңда,
Ынтымақтың туын тiккен қастерiм
Орның бөлек сенiң бiзге қашан да.
Келген саған –
Халық мұңға батқанда,
келген саған
халық қаны қатқанда,
келген саған –
тұтастығы бүлiнiп
ту-талақай тозып бара жатқанда.
Келген саған –
соққанда ызғар суығы,
түскен кезде алауыздық ұрығы.
Келген саған, –
Ордабасы, –
Бас Орда,
қайысқанда ынтымақтың уығы!
Келген саған –
сезген кезде сұмдығын.
Келген саған –
жел жұлғанда түндiгiн.
Келген саған –
таласам деп билiкке –
тұншықтырып өлтiргенде бiрлiгiн!
Кеудеңе шер,
көзiңе жас тұнғанда,
тiзе бүгiп, бас иесiң бұл маңға.
Келген саған –
Ордабасы,
Бас Орда,
дәл iргеде жау аттандап тұрғанда.
Сонан кейiн –
жеткен келiп бар жерден –
шыққан саған ұлы адамдар ел сенген...
Айтып-айтып қасiретiн қазақтың
Әз Төле би Алатау боп теңселген.
Ел ширыққан –
қасиеттi шешiмнен,
ел ширыққан –
қасiреттi кесiмнен...
Қазағының сыйлап бүгiн, ертеңiн
Қазыбек би Сарыарқа боп көсiлген.
Жел үрлесе –
қызыл шоқ боп қозданған,
осы жерде мәңгi сөнбес сөз қалған...
Қазағыма қайрат,
қуат берем деп
Әйтеке би Атырау боп қозғалған.
Кел, қазағым,
кел тағы да Ордаға!
Батпасақ та, батпаққа да,
сорға да! –
түсе алмастан тұрмыз қазiр арнаға
түсе алмастан жүрмiз қазiр жолға да.
Алақұйын жел серпiген түндiгiм,
қауiп-қатер сездiрiп-ақ тұр бүгiн.
Сол үшiн де керек саған ынтымақ,
Сол үшiн де керек саған бiрлiгiң.
Қазақсың сен! –
жалт қаратқан әдемдi,
Ұлы Отанға құлақ түр де, –
қара ендi! –
Сенi тосқан күрестер бар,
алдымен,
елдiгiңдi бекемдеп ал, қане, ендi!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Ордабасы өлеңінің авторы кім?

Темірхан Медетбек — осы өлеңнің авторы.

Ордабасы өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Ордабасы өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Темірхан Медетбек өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Ордабасы өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері