Экологиялық өлең – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Экологиялық өлең» атты Темірхан Медетбек жазған поэзия туралы өлең берілген.

  • 12.06.2022
  • 0
  • 0
  • 1800
Майлы тоқ iшектей
Толып ағатын өзендерiм
Арық қойдың
Аш iшегiндей шұбатылып
Тартылып қалды.
Күмiс құйғандай
Жарқырап жататын көлдерiм
Қайнап-қайнап
Суалған қазандай
Сарқылып қалды.
Кiлем жабылған керуендей
Созылып жататын жоталарым –
Үйелеп қалған түйелердей –
Жұлым-жұлым болды.
Кеуiп қалған
Өзек пен сайларым
Тiлiнген шүберектей
Жырым-жырым болды.
Далам қурап жатыр!
Орманымды
Ара мен балталар
жiлiктей сындырып,
Шұжықтай
Турап жатыр.
Кешегi
Егiстiк алқабым
Малайдың ерiнiндей,
Құлдың табанындай
Тiлiнген.
Кешегi жайлауым
Iбiлiс аунағандай
Бүлiнген.
Құлпырып жататын
Шалғын-сырмақтарым
Лас аяққа
Басылып қалғандай.
Даламның
Алтын алқасы үзiлiп,
Маржан моншақтары
Шашылып қалғандай.
Иесiз қалған ауылдар
Аралдың
Жағаға шығып қалған
Кемесiндей.
Сор басқан жерлерiм
Алапес адамның
Денесiндей.
Елiмнiң iргесiн
Өрiп кеткен бәлелер
Талап тұр...
Аждаhаның демiндей
Оттай жел шығып
Жерiмдi жалап тұр.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері