Айығып кетер ме екен?! – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Айығып кетер ме екен?!» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.06.2022
  • 0
  • 0
  • 768
Дәл қазiр
Жерiм де ауру,
Елiм де ауру.
Жерiм –
Ауру болмай қайтсiн?!–
Тұла бойы
Жара.
Елiм –
Ауру болмай қайтсiн?! –
Тұрған бойы
Нала.
Қыс-тәуiп келiп
Жерiмнiң жарасын –
Үш ай бойы! –
Ақ дәкемен
Таңып шығады.
Ай менен Күнiм –
Жыл он екi ай! –
Кезекпенен
Дерттi елiмдi
Бағып шығады.
Көктем мен жаз –
Жерiмдi –
Жасыл көрпемен
Жауып қояды.
Аспаным
Түнiмен елiмдi күзетiп –
Шырақтарын! –
Жағып қояды.
Бұлттарым –
Жаңбырын төгiп! –
Жерiмнiң жарасын
Жуып тұрғандай.
Соққан желдерiм –
Елiмдi торыған! –
Бәле-жаланы аластап
Қуып тұрғандай.
Айығып кетер ме екен?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері