Өлең, жыр, ақындар

Жарылыстар

  • 17.06.2022
  • 0
  • 0
  • 476
Ұлы далам
Жерге ұрған қарбыздай
Қақырап жарылды.
Күннiң көзi
Өлiк шыққан үйдегi айнадай
Қара жамылды.
Жердiң астынан
Жетiқат аспанға жететiн
Өттей улы
Саңырауқұлақтар өсiп шықты.
Жер-ананың омырауын
Ойран қып тесiп шықты.
Дүние күл болып өштi.
Шаң-тозаңдар
Бұлт болып көштi.
Тiршiлiк
Тұншығып бүрiсiп қалды.
Алып далам
Кепкен терiдей
Бiр уыс боп
тырысып қалды.
Дөңкиген тастарың
Жарылған iрiндi жарадай боп
Ағып кеттi.
Көк тiреген теректер
Өрт тиген шырпыдай боп
Жанып кеттi.
Бауыр езiлiп
Өкпе-өзек қағынды.
Абайдың сүйегi
Сүйменмен ұрғандай шағылды.
Iшкенiм iрiң,
Жегенiм желiм болды.
Татқаным у,
Тапқаным өлiм болды.
Жан бiткен
Елес боп көшiп,
Сұлба боп шұбырды.
Мал бiткен
Шыбындай қырылды.
Тiлектерiм
Пышақ кескен тоқымдай
Тiлiм-тiлiм болды.
Жүректерiм
Ит тартқан балақтай
Жұлым-жұлым болды.
Жұмыртқалар iрiп
Су болып ағып жатты.
Жапырақтар шiрiп
У болып тамып жатты.
Қаңқасы қалған қарттарым
Қалақтай боп
Қалқайып тұрды.
Балаларым
Алпыстағы шалдардай
Шашы ағарып
Қартайып туды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Айырылып қаншама рет төзiмнен

  • 0
  • 0

Айырылып қаншама рет төзiмнен,
қанша жүктi жүрегiммен сезiнгем.
Осынау бiр тағдыр менен тiрлiктiң
таразысы секiлдiмiн қазiр мен.

Толық

Ән

  • 0
  • 0

Табылып өткен күннiң көмбесiнен,
қараған келер күннiң өр төсiнен,
атылып шыққан-сынды осы бiр ән
ғаламат Маңғыстаудың кеудесiнен.

Толық

Жаралғандай бауыр етi темiрден

  • 0
  • 0

Жаралғандай бауыр етi темiрден
оңашалық, оқшаулыққа телiнген
бiр сөз айтпай өтетұғын ғұмыры
адамдар бар өмiрде.

Толық

Қарап көріңіз