Өлең, жыр, ақындар

Құрғақшылық

  • 20.06.2022
  • 0
  • 0
  • 675
Шалқып ағатын өзендерiм
Тартыла-тартыла
Инедей болып қалды.
Оқалы шапандай
Жайып тастаған
Шалқар көлдерiм –
Сарқыла-сарқыла
Түймедей болып қалды.
Далам –
От шарпыған киiздей –
Құрым-құрым.
Жайқалып тұратын
Жасыл теректерiм
Диуананың
Ит тартқан шекпенiндей
Жұлым-жұлым .
Шөп бiткен
Тозаң боп ұшып кеттi.
Елдiң еңсесi
Мойнына iбiлiс сарығандай
Түсiп кеттi.
Шыңырауларым
Ағып түскен көздей
Үңiрейiп қалды.
Тiршiлiк
Желкесiнен келсаппен ұрғандай
Сүмiрейiп қалды.
Кепкен тандырдай денемнен
Демiммен бiрге
Жан шықты.
Сауған желiннен
Сүт орнына
Қан шықты.
Құйын бiткендер
Шайтанның
Шашындай жалбырап,
Дөңкиген жоталар
Таздың басындай болды.
Күнiм –
Ғасырдай болды!
Құм бiткен
Жасылымды жалмап,
Жыландай ысқырып,
Ирелеңдеп көшiп жатты.
Ошағымның оты
Өшiп жатты.
Далам
Отқа ұстаған
Табаға айналды.
Аптаптан
Дүниенiң миы айналды.
Еңсесiн көтерiп,
Есiн жия алмады.
Құладым.
Жыладым.
Бiрақ та
Көзiмнен
Бiр тамшы жас шықпады!
Кеуiп қалыпты!
Құрғақшылықтың құмы
Көзiмдi де көмiп қалыпты.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сағыныштан сартап болып үздiккен

  • 0
  • 0

Сағыныштан сартап болып үздiккен,
күз де келдi мамыражай түстiкке.
көл,
тоғайын,

Толық

Батырлыққа тілек

  • 0
  • 0

Өлсең де – өзiңдi емес! –
Елiңдi ойлап
Күйiктен өлсең ғой.
Өлiп бара жатып та

Толық

Құбылыстар мен бұрылыстар

  • 0
  • 0

Құбылыстары мен
Бұрылыстары көп
Заман бұл.
Шиыр-шиыр

Толық

Қарап көріңіз