Сұрапыл жел – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Сұрапыл жел» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 743
Менiң жанымның
Ойран-ботқасын шығарып –
Сұрапыл! –
Жел соқты.
Оған қарсы тұруға
Дәрменi жетпеген –
Қуатым! –
Жер соқты.
Арман мен үмiттерiмнiң
Үстiне
Қара бұлттарын әкеп
Иiрiлiп соқты.
Жүрегiмнiң
Түпкiр-түкпiрлерiн тiмiскiлеп
Үйiрiлiп соқты.
Көңiлiмнiң көкжиегi
Дал-дұл болып
Жыртылып жатты.
Алқым-көмейiм
Желге тұншығып –
Сөйлей алмастан! –
Қылқынып жатты.
Сол сұрапыл желден
Өлеңiмнiң
Буын-бунақтары мен әрiптерi
Жемiстер құсап
Үсiп кеттi.
Әуен-әуезiмнiң
Ноталары
Бұрқыраған жапырақтар құсап
Ұшып кеттi...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері