Өлең, жыр, ақындар

Қаралы Қараойда болған түнгі оқиға

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 431
Мәңгiлiк қаралы
Қаройдың үстiн
Қап-қара қалың
Қара бұлттар басқан кезде;
Қараң-құраң
Қалбаңдаған көлеңкелерден шошынып
Байғыз бiткен
Бажылдап қашқан кезде
Қара топырақты қопарып
Үстiнде жатқан
Шабылған басын
Қолына ұстап
Қапалы Махамбет
Қабiрден шықты.
Сол кезде
Айналаны бөрлiктiрiп жiберген
Сан дыбыстар мен
Сан үндер шықты.
Көзге көрiнбейтiн
Алыс-шабыс,
Апыр-топыр басталды:
Бiреуi өлдi,
Бiреуi өлмедi...
Көзге көрiнбейтiн жебелер
Жыландай ысқырып ұшып,
Көзге көрiнбейтiн адырналар
Ала өгiздердей мөңiредi.
Қараң қалған
Мына дүние
Шарт етiп сынардай болды,
Көктегi бұлттар
Аударылып-төңкерiлiп –
Будақ-будақ боп
Бiрде аспанға шапшып,
Ендi бiрде
Қара жерге
Бүкiл салмақ-аумағымен
Жалп етiп құлардай болды.
Қаройдың үстiне
Қара жалын сияқты
Қара құйын үйiрiлдi.
Созылып жатқан қара жер
Кепкен терiдей жиырылды.
Көзге көрiнбейтiн
Адамдардың қиқуы мен
Көзге көрiнбейтiн
Аттардың тұяқтары
Қаройдың үстiн
Дүрлiктiрiп жiбердi.
Сол үндер мен дыбыстар
Адамның жанын
Әбден дiңкелетiп
Сүрлiктiрiп жiбердi.
... Басын қолына ұстаған
Қапалы Махамбет
Қаройдың жотасына шығып
Аялдады.
Сонан кейiн
Басын орнына қойғысы кеп
Әрi әрекет еттi,
Берi әрекет еттi.
Қоя алмады...
Сол кезде
Аспанның түкпiрiнен шыққан
«Ей, Махамбет,
Мына бассыз дүниеге
Бастың керегi не?: – деген сөз
Қароайды толтырып
Жаңғырып жатты.
(Сол күнi
Бұлт астындағы Ай
Бағыт-бағдарсыз
Қаңғырып батты.)
Сол сөздi естiген
Мына сұм дүние –
Үстiнен
Топырақ саулап! –
Сүмiрейiп тұрды.
Тұла бойын
Ыза мен кек,
Ашу мен намыс буған
Қайран Махамбеттiң
Бассыз мойыны
От құсатын
Вулканның өңешiндей боп
Үңiрейiп тұрды...
Қайран батырдың
Амалы таусылды.
Тұла бойындағы
Ыза мен кек,
Ашу мен Намыс
Кеудесiн қышқаштай қысып
Бүрiп бара жатты.
Сонан кейiн
Қапалы Махамбет
Басын кеудесiне қысып
Қабiрiне қайтадан
Кiрiп бара жатты.
Айнала тым-тырыс,
Тып-тыныш боп
Iшiнен тына қалды.
(Асау өлеңдерiм ғана
Жүрегiме тығылып
Солқылдап
Жылап алды).
Әлдене құбылды,
Әлдене құрыды.
Тек қана сонау алыста
Қасқыр ұлыды.
Iшiн тартып,
Iшегiн үзiп
Ұзақ-ұзақ ұлыды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұсақ-түйек күйкi тiрлiк, бәрiнен

  • 0
  • 0

Ұсақ-түйек күйкi тiрлiк, бәрiнен
мезi болып безiнемiн, жерiнем.
Жерiнем де балалық шақ арқылы
сапар шегем Күнiкей қыз елiне!

Толық

Нармахан Бегалы

  • 0
  • 0

Қара күштiң иесi
Қажымұқанның жерлесi,
Бегалыұлы Нармахан,
Саған тұғыр екен

Толық

Тәуелсiзбiн

  • 0
  • 1

Тәуелсiзбiн!
Тәуелсiзбiн мен бүгiн.
Келдi, мiне, азаттығым,
теңдiгiм.

Толық

Қарап көріңіз