Өлең, жыр, ақындар

Қаған жаршысының көк түрік батырларын жорыққа шақыруы

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 449
Ей, көк түрiктiң
Көк бөрiлерi!
Неменеге масайрап
Мастанып жатырсыңдар?!
Аяқтарыңды
Хазардың толқынына орап,
Алтай таудың
Ақ ұлпа бұлттарын
Бастарыңа салып
Жастанып жатырсыңдар?!
Көздерiң көрмейтiн
Көр болып қалды ма?!
Құлақтарың естiмейтiн
Көн болып қалды ма?!
Жау дегенiң
Жардың астында
Күңнiң басындағы
Бүргедей қаптап тұр ғой.
Аттарының тұяқтары
Iргеңдi басып
Таптап тұр ғой.
Жаудың батырын
Ақ найзасына
Аттың үстiнен
Құмалақтай iлiп ап
Ендiгәрi
Атқа қонбайтындай еткiзетiн,
Қолға түскендерiн
Қотандағы қойдай иiрiп,
Ошағының күйесiн жалатып,
Қылышының астынан өткiзетiн
Қара Бура батыр,
Сен немене,
Сал болып қалдың ба,
Немесе,
Күнiңе жетпей
Шал болып қалдың ба?!
Шық, қәне, шатырыңнан!
Шаппа-шұп кеп
Қоян қолтық алысқанда
Екi аяқты
Мақұлықтардың
Бiрi де жеңе алмайтын,
Шаңырақтай садағына
Қатарынан екi оқ байлап
Бiрiн оңға, бiрiн солға ататын,
Атқан оқтарының
Қай жерге түскенiн
Аспандағы құстар болмаса
Жердегi адам баласы
Көре алмайтын,
Сеңгiр жоталы Ерен батыр,
Немене,
Жас тоқалыңды
Емiп жатырсың ба,
Төбең ойылғыр,
Төбең көрiнбей қалды ғой,
Құтысы құтырған
Айғыр болып кетпесең
Қанатын бәлең қанды ғой.
Шық, қәне, шатырыңнан!
Қағанның алдында
Қазандай басын
Тәкәппар арғымақтай
Кекжитiп зорға иетiн,
Көлдегi қаз, үйректердi
Бытырлатып қырып,
Жапырақтай шашатын
Көк тырнақ сұңқардай
Қарсы келген жауларға
Шүйiлiп тиетiн,
Күп денелi Көбек батыр,
Мес-мес қымыз қотарып
Кекiректеп
Тойып отырғаның жетер,
Жан-жағыңа шекелеп қарап
Бұтыңа сыймай
Толып отырғаның жетер
Шық,
қәне, шатырыңнан!
Шықпасаңдар
Алтын айдарлы ұлдарың
Құл болады.
Алтын тұлымды қыздарың
Күң болады.
Нардай-нардай сарбаздарың
Құлағы салпиған
Есек болады.
Шал-сауан мен бала-шағалар
Аяққа тапталып
Тезек болады.
Шығыңдар, қәне!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Телеграф сымы үзілген жерде

  • 0
  • 0

Жатты үзiлiп телеграфтың бiр сымы,
жатты үзiлiп қан тамыры әлемнiң.
Шыр айналған уақыттың ұршығы
қалды осында тұншығып.

Толық

Уәж

  • 0
  • 0

«Бас жарылса – бөрiк iшiнде,
Қол сынса – жең iшiнде».
Осылай жұбатасың.
Жұбатамын деп

Толық

Телемұнара

  • 0
  • 0

Денесiн сөздер аралап
таратқан үнiн жаршы ғып –
аспанға тұр ол
ғаламат

Толық

Қарап көріңіз