Өлең, жыр, ақындар

Көк түрік батырының Жынқұрт елінің батырын жекпе-жекке шақыруы

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 480
Күлдiң үстiне туған
Тексiз неме!
Көзiңнiң етi өсiп,
Кеудеңе нан пiскен екен,
Жалың көтерiлiп,
Қаныңа! –
Қойдың құмалағындай
Жай түскен екен.
Соны көтере алмай
Бұты сасық текедей
Бұтыңа толып қалыпсың,
Қомпитып тон кидiм деп
Болып қалыпсың.
Басыңды үгiп
Бордай етейiн бе?!
Кеудеңдi жыртып –
Жайын айырған! –
Тордай етейiн бе?!
Айт, қане,
Қалауың бiлсiн –
Құс қанаты қадалған
Шыбық оғымды
Қанды өзегiңнен өткiзейiн бе?!
Жоқ әлде,
Тасқа тисе,
Тасты да
Торсықтай жарып жiберетiн
Қорамсақтағы тоқсан оғымды
Тоқсан торабыңа жеткiзейiн бе.
Жекпе-жек!
Жекпе-жек!
Тұзаққа түскен
Қаншық қасқырдай
Тарамыс бауларымды
Тартқылатып қояйын ба?!
Жоқ әлде,
Жетi бiрдей ұста
Жетi күн бойы соққан
Қанды қылышыммен
Басыңды қағып алып
Бұқа мойыныңнан
Қып-қызыл қаныңды
Түтiкпен үрлегендей
Аспанға атқылатып қояйын ба?!
Жекпе-жек!
Жекпе-жек!
Оны қолай көрмесең,
Босағама байлап,
Құлыма тепкiзiп,
Күңiме көзiңдi шұқытып
Зар жылатайын ба?!
Жоқ әлде,
Аяқ-қолыңды кесiп,
Күлдiң үстiне тастап
Мысықтай мияулатып,
Иттей қыңсылатайын ба?!
Сасық құмалақ түскен
Местегi қымыздай
Бүлiнген екенсiң!
Жаныңнан түңiлген екенсiң!
Күнi кеше ғана
Менiң алдымда
Кесiрткiдей жорғалап
Қоңыздай тоңқаңдап
Жүрмейтiн бе едiң.
Сен сорлы,
Мен ашулансам,
Ашуымның
Тауға тұман,
Жауға бұлт болып түсетiнiн
Бiлмейтiн бе едiң?
Осы сөздерден кейiн жыңқұрт батыры ұрыс даласын тастап қашып кетiптi.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Неге екенін білмеймін

  • 0
  • 0

Жалаңаш қолыммен
Аспанда
Шатырлап жатқан
Найзағайлардың бұтақтарын

Толық

Ауылдағы жесір ана

  • 0
  • 0

Төзген талай қиындыққа, ауырға,
Төзген талай боран менен дауылға, –
Отыр ана ошақ басын күзетiп,
Қалған жалғыз қиыр, алыс ауылда.

Толық

Демографиялық өлең

  • 0
  • 0

Жоғын жоқтап отырғам жоқ жоқтықтың!
Дегенменен шегi бар ғой сақтықтың, –
есiгiнде бес құлып бар осы үйден
иiсi аңқиды тоғышарлық, тоқтықтың.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар