Болатын оқиға – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Болатын оқиға» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 845
Психологиялық өлең

Осы бір зұлым
Жасарын жасады,
Асарын асады...
Ғұмырында
Қаншама қиянат пен
Қаншама зорлық жасады.
Қоймады!
Тоймады!
Ойласа—
Қарақан басы мен
Жаны үшін ойлады.
Тойласа—
Қан ішіп тойлады.
Зорлықтан
Жұрт біткен қорықты.
Жұрт біткен торықты.
Сол жанға
Бір сөз айтуға
Бүкіл ел қорықты.
Мына дүние
Кепкен терідей
Тырысып барады...
... Күндердің күнінде
Сол бір жан
Тағы бір
Зұлымдық жасап—
Масаттанып! –
Айнаға қарады.
Дүние дүрлігіп,
Азынап жел тұрды.
Сол сәтте
Өзінің айнадағы бейнесі
Оның зұлымдығына
Шыдай алмастан
Айнадан атып шығып
Оны бассалып
Буындырып өлтірді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері