Сұрғылттау күзгі мезгілде – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Сұрғылттау күзгі мезгілде» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 712
Сұрғылттау күзгі мезгілде
Томсарыңқы тынық түн,—
Сұр бұлттау сонау бір кезде
Сарғылттау құмда туыппын.
Құмға жалғас жарқырап
Жатыр сұлу Ақ Жайық!
Суреті көктен қалтырап
Суында жүзген ай жарық.
Көзге ілді кім ол шақта
Мен түгіл, әке-шешемді,
Таң атты, тұрды ел сапқа,
Көтердім мен де еңсемді.
Елмен бірге есейдім
Таңынан өмір нұр жағып,
Осыған мәңгі мен сендім,
Жайнады жер де гүл жарып.
Шырқап ұшар құстайын
Қомдап қауырсынымды,
Көрсеттің маған жастайын,
Өмірім, биік шыңыңды.
Бұл жақсы өмір шыңының
Асқан дауылпазындай
Қуатын ақын жырының —
Ленин — әлем жазындай.
Шыңынан қарап өмірдің —
Десе, елім: мені ақын,
Таңынан туған елімнің
Көтерілді қанатым!

1958


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері