Қысқы ымыртта – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Қысқы ымыртта» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 711
Мұхитына көкжиек
Қызыл қанат күн батып,
Оранғандай ақ жібек.
Мұз құрсанды қыр қатып,—
Кешкі ымырттың қонғанда
Көлеңкесі ақ қарға,
Көгершіндер тоңғаннан
Ұяға ұшпай тоқтар ма?
Қарлы басын ағаштың
Қалса кенет жел сілкіп,
Жерге бүркіп ақ ұшқын,
Қайта ұшады құс үркіп.
Ұшады да дүр етіп
Шатырына үй қонады,
Қауырсыны дір етіп
Шүпірлесе қалады...
Қанаттарын бүркеніп
Бұта сайын құс қалғып
Қонақтады, кім келіп
Оған істер дұшпандық?..
Жайбарақат жер күтіп
Қонған құсты ұяға,
Шошытуға үркітіп,
Адам көзі қияр ма!
Жанымызда тұр ыстық
Жазда суық қыста да,
Аймағымда тыныштық
Адам түгіл құсқа да.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері