Атом заманы – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Атом заманы» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1006
Қожасындай уақыттың
Бейбіт елім бейнесі,
Мұзын тіліп мұхиттың
Жүзді Ленин кемесі.
Алатауға жанарын
Аударса бір ай күліп,
Алтын балға орағын
Аймағым тұр айға іліп!
Көрсең қыран серіні
Ұшқан тауға өрмелеп,
Зырлады жер серігі
Жерді айнала дөңгелеп.
Аршындаса аспанда
Ақ көгершін еркелеп,
Мақтанамын достарға
Мініп ұшқан вертолёт!
Адамымыз даланы
Алақанға ойнатып,
Басталды атом заманы,
Әлем ойын оятып!
Күндерде алғы келелі
Шығып бір дем алысқа,
Өлең жазғым келеді
Ұшып барып Марсқа!

1960


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері