Өлең, жыр, ақындар

Ақын көрінісі

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 818
Жазғы жасыл жайлауда
Түріп ақ үй іргесін
Жайып тастап жырды алға
Ашып ақын кеудесін –
Керегенің көзінен
Көз жіберіп қырға алыс,
Қыр суретін сезінген
Салды ырғалып жырға алыс...
Тақиясы төбеде
Кең, маңдайдан жоғары,
Отыр, қайнап денеде
Жаңа жырлар жорғағы.
Бір самғап, бір кідіріп
Құс қанатты қаламы,
Ойы қырға қыдырып
Кейде үнсіз қалады.
Кейде Шыңғыс шыңына
От жанарын қадайды...
Түндіктен күн шалына
Сығалайды Абайды.
Елең қылмай ойланып
Ақын сол кез ешкімді,
Толғанады қолға алып
Лермонтов пен Пушкинді.

II
Үй сыртында бұлқынып
Әне, пар ат жегілді,
Арбаға ақын отырып
Кетті, алда жол керілді...
Жидебайды бір шолып
Тартты ақын Семейге,
Тұрды алдынан жел соғып
Жыр қанатын демеуге!
Жайлауда ылғи тігілген
Киіз үйлер қаз-қатар
Қалды алыста көрінген,
Тартты пар ат маздатар.
Қырда жылқы кісінеп,
Қой, қозылар маңырап,
Бастаулардан кішірек
Жатты бұлақ жамырап.
Қойшылардың қалқиып
Тұр қараша лашығы...
Қабағын ақын сәл түйіп
Ойын бұлттан аршыды.

III
Түйді дағы ойларын:
– «Елсің қазақ көшпелі!»
Деді «менің арманым:
Елдің алға өскені!
Бұл көшпелі қалыптан
Арылғанын көз көрер,
Туар алда жарық таң
Ел жаңарып, өзгерер!»
Деген оның ойының
Ұшқынын жыр жебеуге
Жұлдызы боп жолының,
Келіп қалды Семейге.
Ертең тағы мен көрдім
Абайды ойлы пішінде,
Қаласында Семейдің
Кітапхана ішінде.
Көз жүгіртіп тұрды ақын
Кітаптарға толған мың
Жаны толы жырға тың
Ортасында томдардың
Ойлап тұрсам осыған
Жарты ғасыр өтіпті
Ел қолына ұсынған
Бақытына жетіпті
Бүгін кітапхананы
Көрсең миллион талай мың
Бірі боп кітап қалаулы
Томы тұр ұлы Абайдың



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қазақ даласы

  • 0
  • 0

Алтындап көкжиекті туған күндей,
Көктемде шешек атып жарған гүлдей,
Жаңа заң қуанышты жас өмірдің
Жұлдыздай туды нұрлы шыңына өрлей.

Толық

Ғашықтың тұңғыш рет аймалауы

  • 0
  • 0

Кей жыршы, ермек үшін жыр құраған!
Жырт торын, – жалғандықтың, – таста, лақтыр.
Мас болам көзінен мен жаудыраған,
Ғашығым аймаласа сүйіп ап бір.

Толық

Алтын аймақ

  • 0
  • 0

Гүрілдеп құздан құлап тау бұлағы,
Шола алмай бұлттан шығып ай қияны,
Шаңқылдап атар таңның жаршысындай,
Шағы еді қанат қаққан тау қыраны.

Толық

Қарап көріңіз