Өлең, жыр, ақындар

Күз көріністері

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 963
Кеп-кеше жаз еді, кеп-кеше,
Шапшаң-ақ күз келіп қалыпты,
Десем де: мезгіл тез өтпеші,
Ол – тіпті, алды орап алыпты...
Кеп-кеше жаз еді, кеп-кеше,
Күз лебі бізді кеп тауыпты,
Жаңбыр да емес тек өткінші,
Таулар да қабағын жауыпты.
Кеп-кеше жаз еді, кеп-кеше,
Әп-сәтте күз бола кетіпті,
Жаз бізге қол бұлғап өткенше,
Көк тамшы тау төсін шертіпті...
Күз бейне ашушаң әжедей
Сыпырғыш орнына желді ұстап,
Сыпырды жер шанын межелей,
Жаңбыр да шашты ол уыстап.
Жаздағы жап-жасыл жапырақ
Әп-сәтте сарғайып қалыпты.
Ағаштан оны жел жыртып ап,
Бір-бірлеп бұтадан қағыпты...
Сарғайып жапырақ қуарып, –
Боялғыш шаш оңып кеткендей, –
Бір талдап ап қырау ұрланып
Самайға сәл інжу сепкендей...
Кеп-кеше жаз еді, күн ыстық,
Маржан дән құйылтқан қырларға,
Күз дағы көзге бір тым ыстық,
Келсін күз, күзсіз жаз туар ма!
Кеп-кеше жаз еді, кеп-кеше,
Шапшаң-ақ күз келіп қалыпты,
Десем де: мезгіл тез өтпеші! –
Ол – тіпті, алды орап алыпты...
Әр мезгіл өзінше тамаша,
Керікті күз дағы жазға тән,
Күз суық көзімен қараса,
Мен ыстық жырымды маздатам!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Каспий

  • 0
  • 0

Аңғарлы, аты-шулы Каспий шулап,
Көк толқын бұйраланған толқып тулап,
Тау, тасы тағы қылған асау толқын,
Бұрқанып, бұрқ-сарқ етіп жатыр зулап.

Толық

Бәйтерек тамыры

  • 0
  • 0

Сәл өткінші жаңбыр жуған
Сыланып бір сай мен сала,
Жалын жұта жаны нұрдан
Тұр балбырап балғын дала.

Толық

Жылдар

  • 0
  • 0

Өтті айлар, өтті жылдар,
Өтті талай мезгілім,
Өтті алуан отты жылдар.
Өсірді өмір өз гүлін.

Толық

Қарап көріңіз