Өлең, жыр, ақындар

Жамбылға

  • 12.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1445
Қарт Жамбыл — жас сұңқардай саңқылдаған,
Алқымы — ащы айқайға алқынбаған,
Жырлары өшпейтұғын өрден өрлеп,
Айға атқан ақ жамбыдай жарқылдаған.
Алабын Алатаудың жаңғырта аққан,
Бұлақтай сез маржаны сарқылмаған.
Жан аз ба, шыңнан тоят тілеп ұшқан
Бұлбұлдан үлгі алуға талпынбаған.
Ол алтын поэзия мұхитына
Қоңыр қаз сүңги жүзіп қаңқылдаған.
Өмірдің бұлбұл құсы ол — төккен ұшырып,
Халқына, отанына жыры шырын.
Өлеңмен бүлкілдеген көмекейден
Көрікті төккен сұлу өмір жырын.
Шыңына Алатаудың жетіп үні,
Отанның оятқандай ойы-қырын.
Өмірдің бақшасының бұлбұл-шалы
Жырлаған жердің гүлін, күннің нұрын.
Өлеңнің қызыл-толқын туын тігіп
Гүлденткен тастан қына,— таудың шыңын.
Өлеңнің жүрегінен жағып шамын,
Шабыты шалқып жатқан бұл бір шалың.
Тоқсанда қайта туған жас баладай
Тойлаған бақыт дарып тұрған шағын,
Бомбаның порох жарған оғындай-ақ
Өртеген өлеңімен елдің жауын!
Шырқалған Алатаудан оның жыры
Жаңғыртқан жалт қарата Кавказ тауын.
Сөзі — алтын, көзі — жұлдыз, жаны — жігі
Қайтпаған хан, патшадан белін бүгіп,
Алмастай өткір сөздің айбынынан
Жеті қат жерге кірген жауы бұғып;
Алма бет, күміс сақал, алғыр ақын
Таң нұрлы жырын төккен күндей күліп.
Туындап, түк тастаған тарлан жүйрік,
Жүлде алған тоқсан жаста қайта туып.
Өршігіш өрге салсаң өрен жүйрік,
Тұрғандай орденына өлең ұйып,
Бұлбұлы гүлге оранған кең даланың,
Мың жаса, поэзия туын тігіп!

1938



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қырмандағы түн

  • 0
  • 0

Қараңғы түн жұлдыз жайнап,
Жымиып тұр көктегі ай,
Дүние тыныш,
Тек бір дыбыс...

Толық

Теңіздегі шағала

  • 0
  • 0

Айқара ашық теңізге
Үйде балкон есігі,
Соққан сонда лезде
Ерке желдің есуі...

Толық

Аңның қанды ізімен

  • 0
  • 0

Донның арғы бетінде,
Жау оғының өтінде,
Воронеждің шетінде,
Лиский атты село тұр

Толық

Қарап көріңіз